Қашаған КҮРЖІМАНҰЛЫ
Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Жаңғақта (бұрынғы Адай уезі, кейін Түрікменстан құрамында қалған) дүниеге келген. Әкесі Күржіман болашақ ақын 5 жасқа келгенде дүниеден өтіп, Қашағанның отбасы ағасы Сәрсенбайдың үйімен ілесіп Каспий теңізінің жағалауындағы Қараөзекке көшіп келеді.
Жасынан ноғайлық жырларын, «Қырымның қырық батырын» жаттап, алқалы отырыстарда жырлап өскен ол бойына біткен киелі өнердің арқасында 16 жасынан бастап-ақ халықтан «ақын» деген баға алып, бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралайды. Маңғыстау, Хорезм аймағы, Еділ мен Жайық арасы, Жем, Сағызды жайлаған елдерде болып, Құрманғазы, Қалнияз, Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Балораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Ізім, Өмір мен Ығылман, Аралбай сынды өнер саңлақтарымен кездесіп, өнерде сыйлас-сапарлас болады.
Атышулы бұқара жыршысы Қашаған әділетсіз билік өкілдерін, дүниеқоңыз байларды мінеп-шенейтін уытты өлеңдер шығарып, талай рет елінің арын арлап алқалы айтыстарға түседі, елдің өткен тарихи шежірелеріне терең үңіліп, оларға әлеуметтік сипат бере өзінше жырлайды.
Қашаған ақын 88 жасында 1929 жылғы тамыз айының 25-жұлдызында Маңғыстау топырағында, өзі мекендеген Құлат жерінде көз жұмады. Бейіті сол маңдағы Қырықкез қауымында.
Дереккөзі: Тіл таңбалы ақындар. Құрастырған – Ж.Жылқышыұлы. Алматы, 2016.