Елбай ҚОСЫМБАЙҰЛЫ
1900 жылы Маңғыстаудың Жыңғылды, Тұщыбек аймағындағы Қабырға деген жерде дүниеге келген. Маңғыстау өңіріне есімі әйгілі жыр дүлділі, суырыпсалма ақын, атақты қолөнер шебері.
Тумысынан зерек, зерделі, алғыр, құймақұлақ болып өскен ол жасында ескіше оқып хат танып, кейін өз бетінше жаңаша сауаттанады. Жастайынан жан-жақты өнер иесі, шебер болады. Елбай – шебер ерші, етікші, өрімші, ою-өрнек салушы, құдықшы, шығыршы болған, безендіріп сағана тамдар салған.
1926-1931 жылдары аудандық жер-су, ішкі істер бөлімдерінде, Жыңғылды ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет атқарған.
1931 жылы ел толқып қонысынан көше бастағанда, советтік зұлымдықтың түпкі нысанасын түбегейлі түсінген ақын бірге кетеді. ГПУ баскесерлерімен болған шайқаста аяғынан ауыр жараланып, ақыры сол жарақатынан қайтыс болады. Зираты туған жері Қабырғаға жақын маңдағы Ақтұрақ қауымында.
Дереккөзі: 1.Тіл таңбалы ақындар. Құрастырған – Ж.Жылқышыұлы. Алматы, 2016.
2. Сағанаға жазған жыр. Құрастырған – С.Нұржан. Алматы, 2016.