Құлшар ЕРНАЗАРҰЛЫ
ХІХ ғасырда Маңғыстаудың Үстіртінде туған. Күйші, сазгер. Абыл күйшіден өнеге алған, Есірдің замандастарының бірі. Осы күнге дейін оның тегі «Бақтығалиұлы», «Бақтыбайұлы» болып жазылып келді. Зерттеушілер шежірелік дерек бойынша әкесінің аты Ерназар екендігін, Бақтыбай – күйшінің атасы екенін анықтады.
Құлшар сегіз қырлы, бір сырлы болған. Ол темір соғып, зергерлікпен шұғылданған, етік тігіп, алқада күрескен. Бәйгеге қатысып, әншілігімен де танымал болыпты.
«Құлшардың қызбен және оның шешесімен күй тартысы» деп аталатын желілі күйлер замандастары мен шәкірттері үшін өнерпаздық өнеге ретінде қабылданған. «Сол күйлердің бәрін де Құлшардың өзі шығарған, кейінгі күйшілерге Құлшардың өз орындауында жеткен» дейді күйші Алым Жаңбыршин. Ал, оларды біздің заманымызға жеткізуде Шамығұл Ыбырайымұлы, Қарағұл Қонаршыұлы, Мұрат Өскенбайұлы, Алым Жаңбыршин, Сержан Шәкіраттың еңбектері ерекше.
Құлшардың сазгерлік, күйшілік өнерін Дина Нұрпейісова, академик А.Жұбанов ерекше бағалаған. Соңғы уақытта күйшінің «Ақсақтың мұңы», «Қоштасу» атты күйлері табылды.
Дереккөзі: 1.Сегіз арыс Адайым. Құрастырған – Ж.Жылқышыұлы. Алматы, 2015.
2. Б.Аманов,Ә.Мұхамбетова. Дәстүрлі қазақ музыкасы және ХХ ғасыр. Астана, 2013.
3. Аманқостан жеткен аманат. Құрастырған – Ө.Озғанбаев. Алматы, 2011.
4. Қ.Сыдиықұлы. Сарқылмас қазына. Алматы,1998.
5. М.Панаев. Дарын иесі. «Маңғыстау» газеті,1999.
Фотодерек: А.Тілегенов.