Шамығұл ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ
1891 жылы Маңғыстаудың Жыңғылды ауылында туған. Күйші-домбырашы, әнші, жыршы, сазгер.
Жыңғылды өңіріндегі өнер дәстүрінен көп өнеге алған. Ауылдасы Арал күйшінің қасынан табыла жүріп, Есір күйлерін үйренген. Дина Нұрпейісовамен кездесіп, оның «Әсем қоңырын» өз тартуынан үйренеді. Зілғараның, Тастемірдің, Ораздың, Қыздарбайдың әндерін жеткізуші.
1934 жылдан ақын С.Жаңғабылұлы, әнші Х.Өскенбайұлымен бірге Маңғыстау өңіріндегі мәдени-үгіт бригадасы құрамында халыққа өнерімен қызмет етті.
1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне жолдама алғанымен, түрлі себептермен өнер көрсете алмайды.
Мәскеудегі дүниежүзілік алтыншы фестиваль қарсаңында болған Бүкілодақтық өнер байқауының облыстық кезеңінің қортындысы бойынша, Гурьев облысының ең үздік өнер орындаушысы деп танылып, обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтың қолынан естелік сағат алады.
Шамығұлдың өзі шығарған өмір мен заман жайындағы бірнеше күйі бар.
Дереккөзі: Маңғыстау (энциклопедия). Алматы, 1997.
Фотодерек: А.Тілегенов