Ғарифолла ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
Көрнекті әнші, сазгер, Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев 1909 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген.
10 жасынан домбыра тартып ән сала бастайды. Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетіне қатысып, сол жерде Опера және балет театрына қабылданған. Ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды.
Халықтың, әсіресе Мұхиттың әндерін нәшіне келтіріп орындау арқылы бүкіл қазаққа танымал болды. Сондай-ақ өзі де әндер шығарды.
Қазақ әндерін орындауда ешкімге ұқсамайтын мәнері бар біртуар дарын иесі Ғ.Құрманғалиев өнерпаз жастарды баулып, өзінің өнер мектебін қалыптастырды.
Дереккөзі: Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының интернет-ресурсы.
Фонодерек: Қатимолла Бердіғалиевтың жеке мұрағаты.