Ақылбек ТАСҚАРАҰЛЫ
1981 жылы Маңғыстау облысының Қосбұлақ ауылында туған. А.Тасқараұлы ән, күй, жыр жанрларын еркін меңгерген сан салалы өнерпаз, бойына туындыгерлік қасиет сіңірген «Адайдың жеті қайқысының» дәстүрін жалғастырушы, зерделі зерттеуші. Ел арасынан Маңғыстау ақын-жырауларының, күйші-сазгерлерінің шығармалары мен мақам-саздарын жинақтап, көптеген ескі әуендерді жаңғыртып келеді.
Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің, республикалық, аймақтық жыршы-термешілер сайысының Бас жүлдегері. «Мәңгілік сарын» (2007), «Ұлы дала сазы» (2010), «Астана арқау» (2011), «Ұлы дала елі» (2015) фестивальдеріне қатысып, Маңғыстау облысының Астана қаласындағы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндерінде өнер көрсетті.
Оның орындауындағы шығармалар «Қазақтың ұлт-азаттық жырлары» жинағына еніп, республикалық телеарналардың қорына жазылды.