Күріш ТАСБОЛАТОВ
1941 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында туған. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.
Жасынан Маңғыстау әндерін шебер айтатын әкесі Құбаш пен шешесінен ескілікті ән, жырларды үйренеді. Сондай-ақ әкесінің өнердегі серіктері: Шамығұл, Сәттіғұл, Сәду, Көшен, Әлқуат, Ұзақбай, Назарбек, Дүйсенбай, Жанжігіт сияқты күйші, әнші, жыршылардан тәлім алады. Олардан үйренген «Адайдың жеті қайқысының», Қыздарбайдың, Қайыптың, Зілғараның, Қойбастың, Қазиханның әндерін нақышына келтіре орындап, ел арасында насихаттады. Өндіріс саласында қызмет атқарса да, Адайдың ән мектебінің нақышы мен бояуын біздің заманымызға қапысыз жеткізіп, облыстық, республикалық фестивальдар мен байқаулардың жеңімпазы, әншілер телебайқауының лауреаты атанды.
1989 жылы оның орындауында Маңғыстаудың бір топ әндері күйтабаққа жазылып, жас орындаушылар үшін таптырмас өнегелік маңызға ие болды.
Дереккөзі: 1.Маңғыстау (энциклопедия). Алматы, 1997.
2. Б.Жайлау. Сұрағандарың сөз болса. Алматы, 2010.