Жабайұшқан
Маңғыстауда, Оғыланды тауындағы Бекет ата мешітінің маңында Жабайұшқан деген тау бар. Бір замандарда сол жерде жалғыз үй түрікпен қоныстаныпты. Кәсібі – құс салып, аң алу болыпты. Бірде бүркіттің балапанын алмаққа баласын шыңның басынан төмен түсіріп жатқанда арқан үзіліп кетеді. Баласы жанұшырып: «Әке, мен кеттім!» – деп айқа салады. Әкесі: «Сен кетсең, мен де кетем!» – деп, арғымағының көзін таңып, атымен шыңнан ұшып өледі.
Тағдырдың жазуымен, шыңнан төмен ұшқан баласы бір қуысқа түсіп, аман қалыпты. Жылдар өтіп, бала ер жетеді. Қолына дутарын алып, әкесін жоқтап, атын жоқтап осы бір күйді тартады.