Балбикенің балбырауыны
Ертеде Маңғыстау түбегінде бір байдың Балбике деген әйелі болыпты. Балбике – әрі ақылды, әрі ел-жұртына беделді болған екен. Бірақ бала көтермей, бай Балбикенің үстіне жас әйел алыпты. Екінші әйелден бір бала болып, байдың көңілі жас әйел мен балаға ауады. Баланың жоқтығы Балбикенің жанына қатты батады.
Бір күні ауылда той болып, тойда Балбике домбыра тартады. Ол тартқан күйлерді халық құмарта тыңдайды. Әсіресе, Балбикенің соңғы тартқан күйіндегі мұңды сезген бір қарт:
–Е, шырағым-ай! Он саусақтан шыққан екі ішекті бал бұрауын болып тұр ғой сайраған мұңды жырауың, – деп күрсініпті. Сол жерде отырған басқа тыңдаушылар да:
–Иә, бұл жай бұрау емес, бал бұраудан шыққан зарлы күй болды, – десіпті.
Сөйтіп, Балбике тартқан осы күй ел арасында «Балбұрауын» аталып кетіпті.